Пәкістанның Инвестициялар жөніндегі кеңес бойынша федералдық министрі Кайсер Ахмед Шейх
Қазақстан Республикасынан келген «Elaman Group» компаниясының делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында Пәкістанның тау-кен өнеркәсібіне инвестиция салу перспективалары,
атап айтқанда Гилгит-Балтистан өңіріндегі алтынның россыпьтік кен орындарын игеру
жобалары талқыланды.


«Elaman Group» өкілдері алтынның россыпьтік кен орындарын игеру жобаларына 20 млн АҚШ
долларын инвестициялау ниеті бар екенін мәлімдеді, сондай-ақ кейінгі кезеңдерде
инвестиция көлемін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда. Делегация өңір бойынша алдын ала
зерттеулер жүргізілгенін және кен орындарының жоғары әлеуетін растағанын атап өтті.
Сонымен қатар экологиялық тұрақтылық пен өндіріс тиімділігіне басымдық бере отырып,
қытайлық серіктестермен бірлесіп заманауи тау-кен технологияларын енгізу жоспарлары
туралы хабарланды.
Федералдық министр федералдық және өңірлік билік органдары тарапынан толық қолдау
көрсетілетінін, соның ішінде Инвестициялар жөніндегі кеңес министрлігінің «бір терезе»
тетігі арқылы жобаларды реттеушілік сүйемелдеуді қамтамасыз ететінін жеткізді.
Кайсер Ахмед Шейх шетелдік инвестициялардың экономикалық өсім, жұмыс орындарын құру
және өңірлерді дамыту үшін маңыздылығын атап өтті.
«Elaman Group» компаниясы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына
бейілділігін, оның ішінде жергілікті қауымдастықтарды қолдау, жұмыс орындарын құру
және халықтың кәсіби дағдыларын дамыту бағыттарын растады.
Жергілікті серіктестермен бірлескен кәсіпорын құру жөнінде уағдаластықтарға қол
жеткізілгені атап өтілді, бұл Пәкістанның қолданыстағы заңнамасы аясында жобаны іске
асыруды бастауға мүмкіндік береді.
Қазақстандық «Elaman Group» компаниясы делегациясының сапары инвестициялық-өнеркәсіптік
холдингтің негізін қалаушы және басқарушы серіктесі Азамат Өтегеновтің басшылығымен
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3–4 ақпан күндері Пәкістанға
жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті, бұл екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың
жоғары деңгейін көрсетеді.


