Пәкістан Ислам Республикасының астанасы Исламабад қаласында «Elaman Group» инвестициялық-өнеркәсіптік
холдингінің қазақстандық делегациясы мен Пәкістанның Инвестициялар министрлігі жұмыс тобының,
министр Шейх Ахмед Салихтың төрағалығымен, кездесуі өтті.

Қазақстандық делегация құрамына «Elaman Group» компаниясының негізін қалаушы және басқарушы
серіктесі Азамат Өтегенов, стратегиялық даму департаментінің директоры Ұлас Әлімбаев, өндіріс
бөлімінің басшысы Рысбек Жақсыбаев және бас геолог Ерик Ахметжанов кірді. Келіссөздер барысында
компания өкілдері холдингтің тәжірибесі мен негізгі жетістіктерін таныстырып, қызметтің басым
бағыттарын айқындады, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және Пәкістан аумағында
бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Пәкістанның Инвестициялар министрі Шейх Ахмед Салих өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан мен
Пәкістан арасындағы екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол
Пәкістан тарапынан шетелдік инвестицияларды тартуға қызығушылық бар екенін айтып, қазақстандық
бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, Пәкістанның уәкілетті
мемлекеттік органдары өзара тиімді инвестициялық бастамаларды қолдауға және сындарлы
ынтымақтастыққа ашық.
Кездесуге сондай-ақ Пәкістанның Инвестициялар министрлігінің жауапты хатшысы Зулфихар Али және
министрлік директоры Ирфан Уллах Хан қатысты. Бұл Пәкістан тарапының қазақстандық компаниялармен,
оның ішінде «Elaman Group» инвестициялық-өнеркәсіптік холдингімен іскерлік қатынастарды дамытуға
жоғары деңгейде мүдделі екенін көрсетеді.

Айта кету керек, кездесу Қазақстан мен Пәкістан арасындағы мемлекетаралық диалогтың жандану
аясында өтті. Ағымдағы жылдың 3–4 ақпан күндері Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында
сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестициялық әріптестік және өнеркәсіп пен бизнес
салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.
«Elaman Group» өкілдері мен Пәкістанның Инвестициялар министрлігі арасындағы өткізілген
келіссөздер жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудағы маңызды қадам болып,
жеке бизнесті дамыту мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер
ашады. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге және екі ел арасындағы серіктестік қатынастарды
нығайтуға ықпал етеді.


